Ғалым да, әкім де алдында бас иген бір топ ұлағатты ұстаздарға бүгін Отырарлықтар құрмет көрсетіп, зейнеткерлікке шығарып салу кешін өткізді. Өздеріне арнайы төселген қызыл кілеммен жүріп өткен ұстаздарды қолдарына алқызыл гүл шоқтарын ұстаған шәкірттер, аудан әкімі Ерлан Айтаханов пен аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Егемберді Қасым құрметпен күтіп алды. Мұнан соң ұстаздар мен қонақтар Мәдениет сарайының фойесінде ұлағатты жандардың өмірі мен жетістіктерінен сыр шертетін көрмені тамашалап, мол мағлұмат алды. Мектеп оқушылары жыр-шумақтарынан шашу шашып, үлкен құрмет көрсеткен шарада «Арман» атты сахналық қойылымы ұсынылып, ұстаздарды аудан әкімі арнайы құттықтады. Құттықтау сөзінде «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деп Ұлы Абай айтқандай тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым ізет көрсеткен. «Ұстазы жақсының-ұстанымы жақсы» дегендей, олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген. Жасыратыны жоқ, қазіргі қоғам баланың тәрбиесін мұғалімдерге артып қойды. Бүкіл ұрпақ тәрбиесін ұстаздарға сеніп тапсырып отырмыз. Сондықтан ұстаздарымыз қандай құрметке болса да лайықты жандар. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз Жолдауында ұстаздарымыздың мәртебесін көтеру мақсатында Үкіметке «Педагог мәртебесі» туралы Заң жобасын дайындау керектігін тапсырғаны ұстаздар үшін ерекше серпін берді» деген аудан әкімі зейнеткерлікке шыққан жандарға Алғыс хаттар мен сый-сияпаттар тапсырды. Мерекелік шара одан әрі аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, әуезді әндер шырқалып, жалынды жастар мың бұрала би биледі.












